Ертегілер күні
Мақсаты: балалардың әдебиетке деген қызығушылығын, қиялын, шығармашылық және танымдық қабілеттерін ертегі кейіпкерлері арқылы дамыту.
Бұл күні балалар таңертең көңілді жаттығудан бастады, денелерін сергітіп, күні бойы күш-қуат жинады. Одан кейін тәрбиеші оларға сүйікті халық ертегілерін оқып берді. Балалар ынтамен тыңдап, өз әсерлерімен бөлісті.
Ертегі оқылған соң балалар ертегі кейіпкерлерін ермексаздан жасап, өз қиялдарын іске қосты. Кейіпкерлердің бейнесін егжей-тегжейлі жасауға тырысты. Кейін балалар ертегілерге арналған интеллектуалдық ойындарға қатысты: сипаттама бойынша кейіпкерлерді тапты, пазл жинады, сұрақ-жауап ойынында өз білімдерін көрсетті.
Күн соңында балалар «Қасқыр мен жеті лақ» атты мультфильмді тамашалап, жақсы көңіл-күй мен жылы әсер алды.
Күн қызықты, танымды және шығармашылықпен өтті!